- Ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Диқандарымыз мол астық жинап, қамбаны дәнге толтырды, - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастағанын айтты. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жеткенін, Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түскенін, еліміздің келешегі үшін өте маңызды шешім қабылданғанын атап өтті.
- Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ, биыл біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді, - деді Президент.
Мемлекет басшысы Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өткенін де еске салды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келіп, байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне танытқанымызды атап өтті. Ел тұрғындарының табиғи апат кезіндегі ауыртпалықты жұмыла көтергеніне тоқталды.
- Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр. Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз, - деді Мемлекет басшысы.
Президент құттықтауының толық мәтінін мына сілтеме арқылы оқи аласыз.