Мемлекет басшысы YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевқа YDA Holding компаниясының Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, түркиялық холдинг Түркістан, Астана және Петропавл қалаларында көпбейінді ауруханалар салу және пайдалану бойынша үш жобаны қолға алған.
Компания алдағы уақытта Астанадағы YDA Industrial Park көпсалалы өндіріс кешенін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды бастайды.
Сонымен қатар Хусейн Арслан компанияның Ақтауда мультимодальді транзит хабын құруға қатысты жоспарымен бөлісті.
Мемлекет басшысы холдингтің Қазақстанға стратегиялық тұрғыдан қызығушылығын және елімізде жүзеге асырып жатқан инвестициялық бастамаларын жоғары бағалады.
Айта кетейік, кеше Қазақстан Президенті Түркияға ресми сапармен барды. Әуежайда екі ел президенттері аз-кем әңгімелесті.
Қазақстан Президентінің келуіне орай Анкара көшелері арнайы баннермен безендірілді.
Бүгін Тоқаев Мұстафа Кемал Ататүрік кесенесіне зиярат етті.