Мемлекет басшысы жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалануды басты міндет ретінде атады

Фото: Азаматтарға арналған үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Digital Bridge 2025 халықаралық форумында жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалануды, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыруды басты міндет ретінде атады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

 — Қазір жаһан жұртшылығы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Озық технологияның жоғары қарқынмен дамуы саясатқа, экономикаға және миллиардтаған адамның өміріне тікелей әсер етіп жатыр. Бұған бәріміз куә болып отырмыз. Сарапшылардың бағалауынша, жасанды интеллектінің дамуына соңғы жылдары дүние жүзі бойынша бір триллион доллардан артық инвестиция салынған. Ал аталған саланың әлемдік экономикаға қосатын үлесі таяу онжылдықта жеті триллион долларға дейін жетуі мүмкін. Әйтсе де мұндай оң нәтижеге аталған технологияны жауапкершілікпен пайдаланған кезде қол жеткізуге болады. Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы жауапкершілік туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Әсіресе, ортақ реттеу ережелерін түзу және барлық елдің озық технология мен ресурстарға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударылып отыр. Біздің міндетіміз — жаңа технологияны адамзат игілігіне пайдалану, оны прогресс пен ынтымақтастықтың қозғаушы күшіне айналдыру, — деді Президент.

Айта кетейік, Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы басталды.