Мемлекет басшысы: Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет

Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет. Бұл туралы Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

«Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет. Бүгінде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдады. Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажеттігіне айрықша назар аудартты.

«Ол үшін мүдделер тепе-теңдігін сақтап, ашық және әділ „ойын ережелерін“ қалыптастырған жөн. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс. Форумға қатысушылар осы саланы реттейтін негізгі құжаттарды, соның ішінде Цифрлық кодекс жобасын әзірлеуге үлес қоса алады деп үміттенемін», — деді Мемлекет басшысы.