Бастамаға орай елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға шақырған облыс әкімінің үндеуіне сәйкес Таң ауылында «Таза Қазақстан - таза аймақ» акциясы өтті.
Аймақтағы үлгілі елді мекендердің бірі саналатын ауыл тұрғындары тазалықты өз аулаларынан бастауды әдетке айналдырған. Ауылға кіреберістен-ақ біркелкі жасыл-желектің жайқалуында, абаттандыру жұмыстарының елді мекенге көрік беруінде ауыл тұрғындарының еңбегі зор. Бірлік пен ынтымақты ту еткен жергілікті халық өз аулаларынан бастап, көшелеріне дейін тазалық жұмыстарын жүргізіп, белсене атсалысып келеді.
Бүгінгі Таң елді мекенінде ұйымдастырылған акцияға Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев бастаған 200-ге жуық ауыл тұрғындары, ардагерлері, белсенді жастары, еріктілері қатысты. Ауылдағы «Таң ЛТД» серіктестігі ауылды абаттандыру жұмыстарына өз үлестерін қосып келеді. Ағаштар көшеттеліп, аллеялар, көшелер, мекеме аулалары тазартылды. Аяқ су келетін арықтар мен каналдарды аршу, қоқыстардан тазарту жұмыстары қолға алынды.
Жалағаш ауданында көркейту және көгалдандыру бағытында жыл басынан бері 7500-ге жуық ағаш отырғызылды.