Мемлекет басшысы: «А» корпусының мемлекеттік қызметшісі әмбебап маманға айналуы тиіс

АСТАНА. 17 қазан. ҚазАқпарат - «А» корпусының мемлекеттік қызметшісі әмбебап маманға айналуы тиіс. Бүгін «А» басқарушы корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңес өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Елбасының атап өтуінше, «А» корпусына кірген мемлекеттік қызметшілер бір орында ұзақ мерзімге отырып қалмауы тиіс. «А» корпусының ішінде жүйелі ауыс-түйісті қамтамасыз ету қажет. «А» корпусының мемлекеттік қызметшісі әмбебап маманға айналуы тиіс. Сіздер жұмыс бағыттарындағы жаңа ауыртпалықтардан қорықпауға тиіссіздер», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің пайымынша, бұл мәселе мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Ал кәсібилік жұмыс барысында шыңдала түседі. Қай мамандық иесі болмасын кез келген адам өз кәсібін жоғары деңгейде меңгергенде ғана бағаланады. «Мұны біз жақсы білеміз. Оны мемлекеттік қызметте де қолдануға болады»,- деді Елбасы.