Мемлекет басшысы аграрлық саладағы жаңа зауыттарды іске қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үш өндіріс ошағы іске қосылды. Аталған кәсіпорындардың жұмысының басталуына бүгін «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың  қадамы» ұлттық телекөпірі барысында  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев рұқсат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа отандық сүт зауытын іске қосамыз. Біз үшін алдыңғы қатарлы технология - бұл шығындарды қысқарту және бәсекеге қабілетті өнім. Біз Еуразиялық одақ нарығындағы өз үлесіміз үшін күресуге дайынбыз», - деді «Маслодел» ЖШС директоры Павел Селиванов.

Ал «Шығыс - Сүт» ЖШС бас директоры Сейілжан Сайлаубаев серіктестіктің өндіріс ошағы Қазақстан Президентінің  индустрияландыру саясатының жемісі екендігін баса айтты.

«Жобаға 4,6 млрд теңге инвестиция құйылды, 245 жаңа жұмыс орны ашылды. Біз құрамында 4 сүт-тауарлы ферма, 10 сүт қабылдау пункті, 18 фирмалық сауда нүктесі бар тік-интеграцияланған сүт кластерін құрдық. Өнімнің 70-ке дейінгі түрін шет мемлекеттерге экспорттауға дайынбыз», - деді ол. 

Келесі кезекте  «Жайық Агро LTD»  ЖШС директоры Темірғали Ескендіров барлық ауыл шаруашылығы мамандары атынан Елбасыға алғысын білдірді.

«Еліміздің батыс, шығыс және солтүстігіндегі 3 жаңа тағам өндірісі - бизнес пен ауыл шаруашылығы кешенінің дамуына бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі. Аграрлық сала экономиканың қозғаушы күшіне айналуы үшін барымызды саламыз.  Экспортқа бағытталған кәсіпорындарды іске қосуға рұқсат етіңіз?!», - деді Ескендіров.

Үш өндіріс орнының жұмыстарына сәттілік тілеп, өндірісті бастауға рұқсат берген ҚР Президенті: «Аграрлық сала Қазақстанның өркендеу, өсу жолындағы экономикасының  негiзіне айналып келедi. Себебi, дүниежүзiнде таңертең, түсте, кешке тамақ iшпейтiн адам жоқ. Халық көбеюде. Жылдан-жылға сұраныс та артып келе жатыр. Сондықтан, бiз өнiмдер шығаратын өндірістерді жолға қоймай ешқайда шыға алмаймыз», - деп атап өтті.