Мемлекет басшысы әкімдердің назарын кедейшілік қатарын азайту және әлеуметтік маргиналдыққа жол бермеу қажеттігіне аударды

None
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда солтүстік өңірлерді дамыту мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

8 тамызда өткен кеңеске Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ақмола облысының әкімі Қайрат Қожамжаров, Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов, Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов қатысты.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, Елбасы өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырудың маңыздылығына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев әкімдердің назарын қазақстандықтардың өмір сүруін жақсарту, кедейшілік қатарын азайту және әлеуметтік маргиналдыққа жол бермеу қажеттігіне аударды.

- Солтүстік облыстарда ірі астық компаниялармен жұмысты жолға қою керек, өйткені оларда жұмыскерлер жылдың тек 5-6 айында ғана еңбек етеді. Нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында орташа еңбекақы өңірлердегі ең төменгі деңгейде - 56 мың теңге. Бұл мәселе жан-жақты талдау жасауды және шара қабылдауды қажет етеді. Облыста ауыл шаруашылық өнімдеріне еңбекақы төлеу үлесі 2011 жылы 30 пайыз рентабельдіктің бар болғаны 5 пайызын құрады. «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша ауылға мамандар тарту үшін елеулі қаражат бөлінуде. Жеке меншік компаниялар ауылға мамандар жетіспейтіні туралы айтады, ал өздері тиісті еңбекақы төлемейді. Бұл мәселемен тек мемлекет айналысуда. Бұл жұмысқа бизнестің де араласуы қажет, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.