Мемлекет басшысы «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін  «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, енгізсін.

Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы жөніндегі 18-ші тапсырмасында айтылған.

 «1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:

- «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, енгізсін;

- «Мемлекеттік қызметтерді электронды пішінде көрсету туралы» заң жобасын әзірлесін;

- мемлекеттік қызметтер ұсыну үлгілерін және олардың орындалуына бақылау жасау жүйесін құруға кіріссін;

- облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп «электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын құру жөнінен ұсыныстар енгізсін.

2. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:

- 2012-2013 жылдары Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайтуды қамтамасыз етсін;

- журналистердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп Журналистік этика кодексінің жобасын әзірлесін;

- отандық БАҚ-тарды жаңғырту жоспарын әзірлесін», - делінген Мемлекет басшысының 18-ші тапсырмасында.