Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне қатысушыларға алғыс білдірді

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезінің жалпы отырысына сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді.

 Алқалы жиын  «Бейбітшілік пен келісім - адамзаттың таңдауы» атты тақырыпта өтуде.

«Бүгінгі күні қазақ даласы жоғары руханилық пен ақ тілекті батаның нұрына толыға түсуде. Біз жоғары мақтанышпен Астанада  төртінші мәрте бүкіл әлемнің діндер лидерлерін қарсы алып отырмыз. Соған орай, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезіне әлемнің қырық елінен келіп отырған сексен жеті қатысушыға шын жүрегімнен алғыс білдіремін», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы Н. Назарбаев.

Сонымен қатар, Президент осыдан тоғыз жыл бұрын Съез жұмысына он жеті мемлекеттен он жеті делегация қатысқанын еске алып өтті. «Сол тұста біз тұңғыш рет жиылып, мен ол кезде біздің әртүрлі дін өкілдерінің басын қосатын, солар өздерінің мінәжатынан соң достық сезіммен, бір-біріне деген үлкен сеніммен бірге жиылатын  арнайы сарай салатын ниетімізді  айтқан едім. Бұл әлемдегі бірегей ғибадатхана барлығымызды бір үстелдің басыны жиып, баршамыз осында Жаратушының барлығымыз үшін жалғыз екенін айтудамыз. Бұл пирамида біздің Қазақстан даласы мен бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім орнауы жөніндегі тілейтін сезіміміз бен дұғамызды Жаратушыға бағыттайды», деді   Н. Назарбаев.