Мемлекет басшысы әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенге оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырды

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне Қазақстанда оқығысы келетін шетелдік қазақ жастарына квота бөлуді тапсырды.

«Шетелден келген құрылтайға қатысушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Жастар - біздің болашағымыз. Сондықтан әлемдегі барша қазақ жастарының сапалы білім алуына тиісті жағдай жасауымыз қажет. Мұндай шара Қазақстанда нақты жалғасын табады»,-деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрлігіне шетелдік қандастарымызға бөлінетін оқыту квотасын нақтылау туралы тапсырма берді. «Қазір білектің заманы емес, біліктің заманы. Астанада әлемдік деңгейдегі халықаралық университет ашылды. Бұл оқу орнында дүниежүзінің ең білікті оқытушылары мен ғалымдары дәріс оқитын болады. Сондықтан да әлемнің әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенге оқуға және қазақ еліне қызмет етуге шақырамын»,-деді Елбасы.

Сондай-ақ Президент шетелдерде техникалық мамандықпен білім алып жатқан қазақ жастарын өз Отанына тарту қажеттігін де атап өтті. «Керек болса, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуді де енгізетін боламыз»,-деді Н. Назарбаев.