Мемлекет басшысы әскери қызметтегі «әлеуметтік лифттерді» атады
«Әскери қызметте «әлеуметтік лифттің» болуы маңызды. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік беруіміз керек. Қазір осы бағытта нақты жұмыс атқарылып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі.
Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейлінше көбейту қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Президент әскерде жүрген жастар нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы керектігін атады.
«Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Бүкілармиялық кеңестің отырысы өтті.
Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындары педагогтерінің жалақысы өсетіні белгілі болған еді.