Еліміздің бірнеше өңірінде жаңа нысандар өз жұмысын бастады. Соның ішінде, Астана қаласында "ҚТЖ ҰК" АҚ көлік-логистикалық орталығы іске қосылды. Аталмыш орталық көрші елдерге тасымалданатын тауар айналымын бір арнаға шоғырландыратын нысан болып табылады. Орталықтың іске қосылуы нәтижесінде 850 астам жаңа жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сонымен қатар, Президент бүгін "Қазақстанда жасалған" атты отандық тауар өндірушілер көрмесін көріп қайтты. Шарада еліміздің барлық өңірлерінен 80-нен астам компания өз өнімдерін ұсынып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің негізгі бағыты: жаңа кәсіпорындар, жаңа өндірістік желілер, шығарылатын өнімді жандандыру және кеңейтудегі жаңа бастамалар. Көрме, ең алдымен, отандық тауарлар мен кәсіпорындар туралы ақпаратты халыққа кеңінен таратуға бағытталған.