Мемлекет басшысы Азиадада спортшылар қазақстандықтардың үмітін ақтап, жоғары деңгейде өнер көрсететініне сенім білдірді

АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарына дайындық және оны өткізу жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Кеңес барысында 2011 жылғы 7-Қысқы Азия ойындарына дайындық, оның ішінде 7-Қысқы Азия ойындарын өткізуге Астана мен Алматы қалаларының дайындығы, рәсімнің ашылуы мен жабылуы мәселелері талқыланды.

Кеңесте Туризм және спорт министрі Т. Досмұхамбетов, Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетов пен Алматы қаласының әкімі А. Есімов сөз сөйледі.

- Күллі әлем алдағы жарыс барысына ерекше көңіл қоятын болады. Біздің алдымызда Азиаданы жоғары халықаралық деңгейде өткізу міндеті тұр. Біздің елімізде Азия ойындарын өткізу - бұл Қазақстанның әлемдік спорт қозғалысындағы халықаралық беделінің көрсеткіші. Өз жалауы астына Азияның 27 елінің спортшыларын жинайтын Азия біріншілігін жеке спорт түрлері бойынша өткізу бір басқа да, Азияданы өткізу мүлде бір басқа, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Туризм және спорт министрі Т. Досмұхамбетовтың ақпараты бойынша, Азия ойындарының спорттық бәсекесінде барлығы 69 жиынтық медаль ойналады.

Бүгінде жаңа спорттық нысандардың, мәселен, конькимен жүгіру стадионы, велотрек, шаңғымен секіру кешені, «Солдат сайында» шаңғы-биатлон стадионы, Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт сарайындағы мұз алаңының құрылысы толық аяқталған.

«Медеу» мұз айдыны, «Табаған» спорттық ойын-сауық кешені, «Шымбұлақ» тау-шаңғысы базасы, Б. Шолақ атындағы спорт сарайындағы сырғанақ мұз айдынының құрылысы және Алматы қаласында 650 орындық автотұрақ қайта жөндеуден өткізілді.

Азиада ойындары өтетін барлық спорттық ғимараттар жаңа технология қолданыла отырып, әлемдік стандарттарға сәйкес және Астана мен Алматы қалаларының сәулеткерлік безендірілуіне сай салынды.

Қазірдің өзінде Азия Олимпиадалық Кеңесіне мүше елдер біздің спорттық базаны жарыстар өткізу, оқу-жаттығу жиындарын және Сочидегі қысқы Олимпиадалық ойындарға спортшыларды дайындау үшін пайдалану ниетінде.

Бүгінгі күні 27 ел өздерінің Азиадаға қатысатындықтарын қуаттады. Өтініш білдірген спортшылар мен ресми адамдардың жалпы саны 4 мың 135 адам.

Мемлекет басшысы отырыстың қорытындысы бойынша Азиаданың барлық спорттық нысандарының халықаралық федерация ұсынған талаптарға сәйкестігін тексеруді тапсырды.

- Бұл бірегей спорттық ғимараттар Қазақстанның ұлттық жетістігі болуы қажет. Тек болашақ олимпиадашыларға қызмет етіп қана қоймай, бұқаралық спортты дамытудың орталығына айналуы керек, - деп қадап айтты Президент.

Мемлекет басшысы Азия ойындарының ашылу және жабылу рәсімдеріне ерекше көңіл бөлуге шақырды және барша қазақстандықтар үшін алдағы ойындардың жағымды рөлін атап көрсетті.

- Азиада еліміздің ішкі өмірінде спорт мен саламатты өмір салтын насихаттау, патриотизмге тәрбиелеу көзқарасы тұрғысынан алғанда үлкен маңызға ие, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

- Қазақстан -Олимпиада ойындарының, Әлем біріншілігінің және Азия ойындарының 117чемпиондарын тәрбиелеген ел. Олардың табыстары біздің мемлекетіміздің мерейін тасытады. Біз Жапония, Қытай және Қорея құрамалары күшті бәсекелес болатынын түсінеміз. Осы жағдайға қарамастан, біз алдымызға үлкен міндет - медальдар алу жөнінен үштік көшбасшылар қатарынан көріну міндетін қоямыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы спортшылар қазақстандықтардың үмітін ақтап, жоғары деңгейде өнер көрсететініне сенім білдірді.