«Мемлекет басшысы Twitter әлеуметтік желісін 2011 жылдан бері белсенді қолданып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысының твиттерінде 137 мың оқырманы бар»,- деді Берік Уәли.
Оның айтуынша, Президент твиттердегі парақшасы арқылы еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге немесе оқиғаларға қатысты пікірін білдіріп, тапсырма беріп отырады. Уақыт үнемдеу тұрғысынан мұндай жұмыс стилі – өте тиімді. Себебі берілген тапсырманың дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін табуы – басты мақсат.
«Жалпы, Президент қызметіне кіріскелі бері Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты 862 твит жариялады. Сәуір айынан бері Қасым-Жомарт Кемелұлының Instagram желісінде миллионға жуық жазылушы тіркелген. Президент осы желідегі парақшасына 60 жазба жариялады», - деді ол.