Мемлекет басшысы: Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қуатты және қарқынды даму жолына түскен мемлекет азаматтардың құқықтарына және олардың еркіндігіне мызғымас кепіл болады. Халқы жасампаз, отаншыл және еңбекқор ел ғана толағай табысқа жетері анық. Сондықтан, біздің осы жолдағы бағдарымыз – баршаға айқын. «Адам мемлекет үшін емес, мемлекеттің игілігі адам үшін» қағидасы басты ұстанымға айналды. Мемлекеттілігімізді одан әрі нығайтамыз десек, бізге, ең алдымен, өзара жауапкершілік және тілектестік идеологиясы аса қажет. Себебі, егемен еліміздің тағдыры – әр азаматтың қолында. Бұл – үлкен борыш. Осыны терең түсінуіміз керек. Енді елімізге барша халыққа түсінікті болатын және шын мәнінде, азаматтарымыздың сұранысына сай келетін идеология қажет. Ашығын айтқанда, бізге жасанды қағидалар емес, барша азаматтардың көңілінен шығатын, олардың жүрегіне жылы тиетін шынайы өмірде қажет болатын дұрыс бағыт-бағдар керек. Бүгінде халқымыз бір ел болып жұмылып, тұтастықта өмір сүріп жатыр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай», - ҚР Президенті.

Сондай-ақ Президент ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты екенін айтты.

«Біздің ішкі тұрақтылығымыз – еліміздің одан әрі дамуының маңызды шарты және еуразиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін фактор. Қазақстан дүние жүзіне озық дамуға бет алған және барша әлемге ашық мемлекет ретінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы негізінде халықаралық қатынастардың әділетті жүйесін құруды көздеген ел ретінде танымал. Конституция – мемлекеттігіміздің кепілі. Соған сәйкес еліміздің әрбір азаматы біртұтас Қазақстан халқының ажырамас бөлігі әрі ел тағдырына ықпал ететін қоғам мүшесі. Ата заңымыз әр адамға осындай құқық беріп отыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.