Мемлекет басшысы елдегі қазіргі ахуал қауіпті екенін ашып айтты
20:26, 18 Шілде 2020
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қазіргі ахуал қауіпті екенін ашып айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жалпы елдегі ахуал өте күрделі. Тіпті қауіпті деуге де болады. Мұны елдегі мамандар ғана емес, шетелдік мамандар да айтып жатыр. Оның үстіне қазір біз коронавирус пен пневмония бойынша статистикаларды біріктіргелі жатырмыз. Әлбетте көрсеткіш бұдан да жаман болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес мәселелері бойынша селекторлық отырысында.
Президенттің айтуынша, осындай ахуал әлемдік рейтингте біршама кейінге шегеріп тастайды.
«Әлбетте бұл Қазақстанның абыройына да әсер етеді. Тіпті мәселе репутацияда да, инвестициялық тартымдылықта да, туристік тартымдылықта да емес. Мұның салдары өте қиын болады. Бұл біздің жұмысымыздың ортақ нәтижесі екенін мойындау керек», - деді Президент.