Мемлекет басшысы елордада генерал И. Панфиловқа арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 мамыр күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордада генерал И. Панфиловқа арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысады.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана қаласындағы Қошқарбаев пен Жұмабаев көшелерінің қиылысындағы «Жерұйық» саябағында генерал Панфилов атындағы аллея ашылады. Панфиловқа арналған ескерткіш 2015 жылдың 7 мамырында ресми түрде ашылмақ.

Нысанның авторлық құқығының мүліктік құқығы Ринат Әбеновке тиесілі.

Генерал Панфиловқа арналған ескерткіштің ортасында гүл шоқтарын қоюға арналған тақта орнатылады. Ескерткіштің ұзындығы - 2,5 метр. Монумент қоладан құйылған. Одан өзге, КСРО батырының алтын жұлдызы бар 28 стелла жасалды. Ескерткіштің шығыс бөлігінде аллеяның бойында қаза тапқан 28 жауынгерге арнап табиғи граниттен естелік тақтайшалар қойылады.