Мемлекет басшысы: Этносаясатымыз біртұтас әрі дәйекті жүргізілуге тиіс
«Біздің этносаясатымыз біртұтас болып, дәйекті түрде жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ ғылыми тұжырымдарға негізделуі қажет. Осы саладағы тапсырмаларды орындау барысында менің сайлау алдындағы тұғырнамам және басқа да стратегиялық құжаттар басшылыққа алынуы керек. Мысалы, қазір әлеуметтік салада жүйелі өзгерістер жасалып жатыр. Мен жақында Әлеуметтік кодекске қол қойдым. Мұндай маңызды құжат ТМД мемлекеттері ішінде алғаш рет қолданысқа енгізіліп отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл кодекс еліміздің жаңа әлеуметтік саясатын айқындайтындығын, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа үлгісін қалыптастыратынын баса айтты.
«Сондай-ақ жаңа әлеуметтік келісімнің негізін қалайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кодекс бүгінгі күннің талаптарымен мейлінше үндеседі. Сол сияқты этносаясат та мемлекеттің басымдықтарына толық сай келуі керек», - деді Президент.