Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Кездесуді ашқан Нұрсұлтан Назарбаев президенттің кезектен тыс сайлауына халықаралық бақылаушы ретінде келген қонақтарға алғысын айтты.
-Сайлау - бұл емтихан, жасалған жұмыстың бағасы. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдың соңында менің өкілеттігімді 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу бастамасы айтылды. Бес жарым миллионға жуық қол жиналған еді. Біздің халқымыздың ерік-жігері мен мүддесін ескеріп, сондай-ақ демократиялық ұстанымдарға адалдық таныта отырып, мен президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдадым», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еуропалық Парламент депутаты, Орталық Азия мен Моңғолия бойынша Еуропалық Парламент делегациясы басшысының орынбасары Альфред Рубикс өткен сайлау барысына жоғары баға берді.
-Сіздердің елдеріңізде Президент саясатын жастардың қалай қолдайтындығын көру жақсы әсер туғызды. Қазақстан халқы өз Елбасына дауыс беретіндігін атап өтті, - дейді журналистермен болған брифингде А.Рубикс.
Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Лорд Уэйверли сайлау халықаралық талаптарға сай өткендігіне тоқталды.
-Жалпы алғанда, Қазақстан егемендіктің 20 жылында үлкен жеңістерге қол жеткізген Орталық Азияда мойындалған көшбасшы деп айта аламын, - деді Лорд Уэйверли.
-Мен Қазақстанға бірнеше рет келгемін және елдеріңізде қандай өзгерістер болып жатқанын көріп отырмын. Ең маңызды іс-шаралар қатарына былтырғы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін жатқызуға болады. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі артып келеді. Біз Қазақстанның осы бағытта өз жұмысын жалғастыра беруіне тілектеспіз, - деп атап өтті Франция Парламентінің сенаторы Эймери де Монтескью.
Испания Парламентінің вице-спикері Хуан Хосе Лукас Хименес сайлауға халықтың көптеп келгенін, әсіресе жастардың белсенділік танытқанын атап өтті.
-Біз келесі жылғы сайлаудың бақылау үрдісіне қуана қатысамыз, ол сайлау да осындай жұмыс жағдайында өтіп, Қазақстанның демократиялық ұстанымдарының нығаюы мен көппартиялық басқаруына куә бола алады деп үміттенемін, - деп атап өтті Х.Лукас Хименес.
-Президенттің сайлауы өте жақсы өткеніне күмәнім жоқ. Ең бастысы, сайлау Қазақстан халқының көңіл-күйі мен ерік-жігерін көрсетті. Біз 65 сайлау учаскесінде болып, жүздеген сайлаушымен, үкіметтік емес ұйым, 9 саяси партия өкілдерімен кездестік. Және де олардың барлығы сайлауды Қазақстан болашағымен байланыстыратындықтарын жеткізді, - деді Инвестиция және салық жөніндегі Халықаралық орталықтың президенті Дэниел Алан Витт.
«Джеймстаун» қорының бас сарапшысы Владимир Сокор атап өткендей, Қазақстан демократияның эволюциялық дамуының жақсы үлігісін көрсетті. Оған тұрақтылық пен президенттің мықты билігі куә бола алады.
-Біз Президент Назарбаевтың қайта сайлануын халықтың, мемлекеттің табысы ретінде бағаладық, - деп мәлім етті В.Сокор.
Халықаралық бақылаушылар Мемлекет басшысына сындарлы кездесу өткізгені үшін алғыс білдірді.