Мемлекет басшысы қайта қалпына келетін энергия көздері технологияларын енгізуге басымдық беру мәселесін қайта көтерді

None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы ҮИИД бағдарламасын іске асыруға арналған индустриялық форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қайта қалпына келетін энергия көздері технологияларын енгізуге басымдық беру мәселесін қайта көтерді.

Президент өз сөзінде бүгінде Германияда тұтынылатын энергияның 22 пайызы қайта қалпына келтірілетін энергия көздері арқылы өндірілетінін ескеріп өтті.

 «Ал бізде бұндай көрсеткіштер нөл! Осы тектес қадамдар жалпы экономикалық құрылымның парадигмасын өзгертеді. Біз күн батареясы, стансалары жайында айтып жүрміз. Әзірге, бұл сөз жүзінде ғана. Бірде бір қауқарлы станса Қазақстанда жоқ»,-деді Елбасы.

 Бұл тұрғыда Президент Үкімет, министрліктер, әкімдер тиісті деңгейде бұл жұмысқа кіріспей отырғандығын ескертті. «Ал осы жұмыстарды атқаруға тиістіміз. Бізге көмірмен жанатын жылу электр стансаларымен жұмыс істемеуге, ен далаға осынша көмір қышқыл және күкіртті газдарды шығармауға (әлемдік қоғамдастық) міндеттейтін болады. Қазірден бастап осы жайында ойлау керек»,-деп түйіндеді Мемлекет басшысы.