Мемлекет басшысы қазақ халқының сан ғасыр аңсаған арманын іске асырды - М.Алтынбаев

АНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Мен еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасының өкілеттігін ұзартуға қатысты референдум өткізу жөніндегі депутаттардың ұсынысын қолдаймын. Өйткені Мемлекет басшысы қазақ халқының сан ғасыр аңсаған арманын іске асырды»,-деді бүгін Сенат депутаты Мұхтар Алтынбаев.

Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутаттардың Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзартуға қатысты ұсыныстарын талқылау барысында мәлім етті.

Депутаттың сөзіне қарағанда, 1991 жылы еліміздің басына туған қиын-қыстау кезеңдерде дербес мемлекет, тәуелсіз Қазақстанды құру еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің, нағыз ерлігінің арқасында мүмкін болды. «Президент заманның сан алуан сынынан елді аман алып шығып, тұрақты және орнықты саясатының арқасында қарапайым халыққа ауыртпашылығын тигізбей, қазақстандықтарды орасан зор жетістіктерге, береке-бірлікке, ынтымаққа үндей отырып, елдің өсіп-өркендеуіне қол жетікізді. Экономиканы нарық арнасына көшіріп, ядролық қарудан азат етті, 2030 стратегиясын қабылдап, ұлттық қор құрып, елордасын ауыстырып, оны дүниежүзіне танытты. Тұңғыш Президентіміздің Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің қауіпсіздігін нығайту жолында Қазақстанда бұрын болмаған, ашық аспанымызды қас қақпай күзететін айбынды армиямызды құрды», - деді М.Алтынбаев.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысы армиямызды құрып қана қоймай, оның реформалау барысын жіті қадағалап, тіпті тікелей басшылық жасап, қолдау көрсетуде. Соның арқасында елімізбен бірге армиямыз да өсіп қабырғалы елдердің әскерлерімен терезесі теңелді.