Мемлекет басшысы Қазақстанды жаңаша индустрияландыру жалпыұлттық телекөпіріне қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстанды жаңаша индустрияландыру: 2014 жылдың және бірінші бесжылдықтың қорытындылары» атты жалпыұлттық телекөпір шарасына және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсіміне қатыспақ.

Сонымен қатар бүгін бағдарламының екінші бесжылдығы бастау алады деп күтілуде.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның өнеркәсіптік экономикасын өзгертуге негізделіп, салаға жаңа серпін беруге арналған. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аясында елімізде жүздеген өнеркәсіптер салынып, бұрын-соңды шығарылмаған жаңа өнім өндіріле бастады, жаңа жұмыс орындары құрылды

Жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар қазақстандық БАҚ өкілдерімен сұхбаты барысында екінші бесжылдық инновацияға көбірек бағытталғанын атап өтті. Осы орайда кәсіпорындардың тіпті жаңа үлгілерін іске қосу жоспарланып отыр. Қазір әлемнің 100 ірі компаниясы осы бағдарлама аясында Қазақстанға қаражат құюға дайын көрінеді.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл Мемлекет басшысы тағайындаған «Алтын сапа» сыйлығын алуға қатысу үшін 293 өтінім түскен, оның 127-сі орта бизнес өкілдерінен, 101-і шағын кәсіпкерлерден, ал 65-і ірі бизнес өкілдерінен келді.

2014 жылы Елбасының жарлығы бойынша конкурсқа жеке кәсіпкерлер де қатыса алатын болған. Сондықтан конкурстың үш аталымы бойынша түрлі санаттарға үш-үштен сыйлық тағайындалған. Енді лауреаттар өздері ұтып алған эмблеманы 4 жыл бойы жеке жарнамаларына пайдалана алады.

Айта кетейік, Индустрияландыру күні аясында «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді. Байқауда «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдары қамтылып отыр.

Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған байқауға қатысуға ниетті жеке кәсіпкерлік субъектілер санының артуы байқалуда

ҚР Президентінің Жарлығымен жарияланған «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауына биыл қатысуға барлық өңірлерден 584 өтінім берілген. Конкурс өткізіле бастағаннан бері 2,5 мың шағын, орта және ірі кәсіпорындар қатысты. Ағымдағы жылы байқауға қатысуға берілген өтінімдер саны бойынша Қостанай облысы көш бастап тұр.