Мемлекет басшысы қолға алған бастамалар болашақ ұрпақтың қамы - М.Алтынбаев

АСТАНА. 3 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бүгінгі Қазақстан осыдан 20 жыл бұрынғы Қазақстаннан әлдеқайда жақсы, дамыған. Бұл Елбасының еңбегінің арқасы», - деді бүгін сенатор Мұхтар Алтынбаев Парламент Сенатының жалпы отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында.

«Сенат депутаттары ретінде бізге Мемлекет басшысына кім балама бола алады деген сыңайдағы сауалдарды көп қояды. Менің пікірім, бізді 20 жыл бойы басқарып келе жатқан Мемлекет басшымыз бар. Нұрсұлтан Назарбаев Президент болған жылдар аралығында ел экономикасы өркендеп, халықтың жағдайы айтарлықтай оңалды. Бүгінгі Қазақстан осыдан 20 жыл бұрынғы Қазақстаннан әлдеқайда дамыған. Бұл Елбасының мемлекетімізде жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасы»,-деді М.Алтынбаев.

Оның пікірінше, Мемлекет басшысының кейінгі жылдары бастамашы болған бағдарламалар әлі талай ұрпаққа азық болады. «Сондықтан мен Мемлекет басшысы тұғырынан таймасын деп тілер едім. Оның үстіне кеше референдум мәселесі көтерілгенде оны 5 миллионнан астам халық қолдады. Олар Президент сайлауында да Елбасымызды қолдайды деген ойдамын және мен қалың көпшілікті Президентті қолдауға шақырамын»,-деді сенатор.