Мемлекет басшысы: Командалық ауысу тәжірибесі тыйылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Командалық ауысу тәжірибесі тыйылды. Бүгін Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуына арналған ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

«Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан жаңа құқықтық институттық орта жағдайында өмір сүруде. Ол 59 заң мен 400-ден астам заң аясындағы актілердің қабылдануымен қалыптасты. Кешегі жоспар бүгінгі күні шынайылыққа айналды», - деді Елбасы.

ҚР Президенті әрбір қазақстандық үшін әлемнің ең дамыған елдеріндегі мүмкіншіліктермен бара-бар жаңа жағдайлар ашылатындығын атап өтті.

«Біріншіден, мемлекеттік аппарат қандай да бір көлеңкелі шарттар мен артықшылықсыз меритократия жағдайында жұмыс істеуге бағыттайтын шаралар қабылданды. Командалық ауысу тәжірибесі тыйылды. Бірінші басшы ауысқан кезде онымен бірге адамдардың бір тобы қоса ауысатын еді. Егер өткен жылдың үш айында 1722 шенеунік ауысса, ағымдағы жылы 90 адам ауысты», - деді Н.Назарбаев.