ШОЛПАН-АТА. ҚазАқпарат - Бүгін Ыстық көлдің жағасында III Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ресми түрде ашылды. Салтанатты шара Шолпан-Ата қаласының ипподромында өтіп жатыр. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құрметті қонақ ретінде қатысуда, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары - екі жылда бір рет өтетін шара. Бұған дейін аталған спорт додасы екі рет Қырғызстанда ұйымдастырылды. Сол кезде оны тек қырғыз жерінде ғана өткізу туралы шешім болған. Алайда осы жолы Қырғызстанның билігі ережені өзгертіп, көшпенділер ойындарын эстафетамен өткізуді ұйғарды. Келесі ойындар 2020 жылы Түркияда өтетін болды.
Биылғы додаға Қазақстан өз құрамасын күшейтіп, бұрынғыдан үш есе артық спортшыларды әкеліп отыр. Жалпы, Көшпенділер Олимпиадасына әлемнің 60-тан астам елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады. Олардың ішінде Ауғанстан, Болгария, Беларусь, Үндістан, Иран, Моңғолия, Қытай, Пәкістан, Польша, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, АҚШ, Украина, Франция, Шри-Ланка және тағы басқа елдердің спортшылары бар. Барлығы 37 ұлттық спорт түрі - күрес, садақ ату, итпен аң аулау, ат жарыс, көкпар, асық ату және тағы басқа жарыстар бойынша сынға түседі. Сайыстар Шолпан-Атаның ипподромында және Қыршың шатқалында өтеді.
Бұған дейін ҚазАқпарат тілшісі Қыршың шатқалына барып, сол жердегі дайындық шараларын көріп қайтты. Бұдан бөлек, қазақстандық спортшылар жатқан шипажайда болып, олардың тұрмыс жағдайымен танысты.
Бүгін ресми ашылу салтанатына дейін тәжік күресінен сайыстар өтті. Қазақстанның палуаны Мұратxан Берікбол 68 келі салмақта қола медальды жеңіп алды. Аса ауыр салмақта Мақсат Жанділдаев та қола жүлдегер атанды. Жалпы, сарапқа 594 медаль (174 алтын, 173 күміс және 247 қола) салынады. Ал III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының сыйақы қоры 26 миллион сомды құрап отыр. Бұл қазіргі курспен 136,5 миллион теңге немесе 381,3 мың долларды құрайды.
Айта кетейік, биылғы ойындар Түркі елдері ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Ертең, кеңестің ресми отырысы өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзербайжанның президенттері қатысады. Өзбекстан басшысы да келеді деген жоспар бар. Саммиттің тақырыбы - "Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық". Отырыста Қазақстан Түркі кеңесінің төрағалығын Қырғызстанға тапсырады. Ал xатшылықтың басшылығына Қазақстанның өкілі тағайындалады. Бұдан бөлек, бірқатар құжаттарға қол қойылады деген жоспар бар.
Басты сурет: akorda.kz