Мемлекет басшысы күш құрылымдарына бірқатар тапсырмалар берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдар басшыларымен және арнаулы мақсаттағы бөлімшелердің командирлерімен кеңес өткізді.. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар басшыларымен және арнаулы мақсаттағы бөлімшелердің командирлерімен кеңес өткізді.

Іс-шараға Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Н.Ермекбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің басшылары қатысты.

Кеңес барысында министрліктер мен ведомстволардың арнаулы мақсаттағы күштерінің әскери дайындығы және оны әрі қарай дамыту, олардың арасындағы өзара іс-қимыл және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Елбасы бүгінде арнаулы мақсаттағы бөлімшелерге жүктелген қызметтің маңыздылығын ескере отырып, оларға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. Қазақстан Президенті осы бөлімшелердің сарбаздары мен офицерлері терроризмге қарсы күрес, құқық тәртібін, қоғамдық тыныштық пен конституциялық құрылымды қорғау жөніндегі қызметті тиімді жүзеге асырып отырғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев арнаулы қызмет күштері арқылы Ақтөбе және Алматы облыстарында, Алматы қаласында күрделі жауынгерлік шаралар іске асырылғанын, ал «Арыстан» қызметінің жасақтары 1992 жылы Шымкентте кепілге алынғандарды босату жөніндегі ерекше операция барысында алғашқы әскери тәжірибе жинағанын еске салды.

«Осылайша, арнаулы мақсаттағы бөлімшелер әскери уақытта да, бейбіт кезде де қажет болады. Арнаулы мақсаттағы жасақ жауынгерінің күнделікті қызметі өміріне қауіпті қатерлермен байланысты психофизикалық зор ауыртпалықтарға толы. Бұл айрықша дайындық пен машықты, өз ісін жетік меңгеруді, қару қолдана білуді, сондай-ақ психологиялық орнықтылықты қажет етеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы мүдделі мемлекеттік органдар басшылары мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер командирлеріне бірқатар тапсырма берді.