Мемлекет басшысы сапар барысында әртүрлі жергілікті кәсіпорын ұжымдарымен кездесіп, жұмысшылардың пікірін тыңдады. «Ақтау теңіз солтүстік терминалы» ЖШС бас директоры А.Қарабасов еңбек нарығындағы тұрақсыздықты жою және аймақ тұрғындарын жұмысқа орналастыруға қолдау көрсету мақсатындағы шаралар туралы айтып өтті. Осы ретте Маңғыстау облысы әкімдігімен жасалған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы аясында терминал үшін 27 адам оқытылған. Кәсіпорын 190 тұрғынды жұмысқа орналастырған.
Ақтау теңіз солтүстік терминалы жобасының құны 37,5 млрд теңгені құрайды. Көпбейінді терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін негізгі жүкті, оның ішінде 1,5 млн тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Терминал жұмысы экспорт-импорт өсімін арттыруға және Қазақстан мен Орталық Азия елдері өнімдерін Ақтау порты арқылы Кавказ маңы, Парсы шығанағы елдеріне және Ресей Федерациясына жеткізуге бағытталған. Кәсіпорында жыл бойы астық, металл, ірі тонналық жүк контейнерлерін қабылдап алу, сақтау және жөнелту жұмыстары жүргізіледі, вагондарға жүктер тиеліп, түсіріледі, кемелерге кешенді қызмет көрсетіледі.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесті.
Елбасы әңгіме барысында Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін дамытуды көздейтін міндеттердің ауқымды екендігін айта келіп, тәуелсіздік жылдарында Маңғыстаудың ел өнеркәсібіндегі үлесінің артқанына тоқталды.
- Өткен жылдарда Маңғыстау облысының экономикасы айтарлықтай өсті. Тәуелсіздік алған кезден бастап өңірлік жалпы өнім 32 есе көбейіп, 2 триллион теңгеден асты. 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 2016 жылы өңірге тартылған инвестиция 400 миллиард теңге болды. Бұл - 2000 жылмен салыстырғанда 12 есе артық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының энергетикалық, өнеркәсіптік және көлік-логистикалық әлеуеті елеулі екенін айтты.
- Еуразияның дәл ортасында орналасқан Қазақстан әрдайым құрлықтағы ел болып саналып келді. Бүгінгі таңда біз құрлық ауқымымен шектеліп қалмай, томаға-тұйықтық шеңберін бұздық.
Ақтауда заманауи теңіз портын салдық, бейнелеп айтқанда, «жолсыз жерден жол аштық», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы жүйелі дамудың жарқын мысалы ретінде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев шекара маңындағы ынтымақтастықтың маңызды әлеуетін пайдалану қажеттігіне тоқталды.
- Қазақстан әрдайым көршілес елдермен достық қарым-қатынас орнатып келеді. Кеше ғана мен Әзербайжанда болдым. Бұл елмен ынтымақтастықты кеңейту үшін мүмкіндіктеріміз мол. Соңғы екі жылдың өзінде Маңғыстау облысы мен Әзербайжан арасындағы өзара тауар айналымы бес есе өскен. Аймақтарыңыз Қазақстанды жаһандық және өңірлік нарықтармен байланыстыратын аса маңызды транзит торабы болып саналады. Бұл орасан зор әлеуетті толық пайдалана білген жөн, - деді Мемлекет басшысы.
Елбасы сонымен бірге өңірдің әлеуметтік саладағы жетістіктерін атап өтті.
- Тәуелсіздік жылдары облыс тұрғындарының саны екі есе өсіп, 640 мың адам болды. Халықтың өмір жасы да ұзарып келеді. Осы жылдар ішінде 271 мың бала дүниеге келді. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Тарихи Отанына 125 мыңнан астам адам оралды. Бұл - тұтас бір қала. Ширек ғасырда медицина мекемелерінің саны екі жарым есе, ал мектептер екі есе артқан. 229 балабақша пайдалануға берілді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай мен оны дамыту перспективалары туралы баяндады. Кездесу барысында сөз алған жұртшылық өкілдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне ұдайы көңіл аударып, тиімді мемлекеттік саясат жүргізіп отырғаны үшін Мемлекет басшысына өз ризашылықтарын білдірді.
Соңында Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың назарын еліміздің табысты дамуының кепілі болып саналатын бірлік, татулық пен достықты сақтау қажеттігіне аударып, маңғыстаулықтарға зор денсаулық және бақ-береке тіледі.