Мемлекет басшысы Павлодар облысында тағы бір алюминий зауытын салуды тапсырды
17:04, 20 Желтоқсан 2013
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні барысындағы жалпыұлттық телекөпір аясында ҚР Президенті Н. Назарбаев Павлодар облысында тағы бір алюминий зауытын салуға тапсырма берді.
Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Павлодардағы алюминий зауытындағы күйдірілген анодтар өндіру цехын іске қосты. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Алмаз Ибрагимовтің айтуынша, зауыттың жылдық қуаты 250 тонна. Жылына шығарылатын 136 дана күйдірілген анодтар оларды шетелден тасуды азайтып, алюминийдің бағасын арзандатады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 300 млн. АҚШ долларына жеткен.
«Біздің елдің индустриялануы өзімізде бар шикізатты өңдеуді одан сайын тереңдету арқылы жүргізілуі керек. Павлодар облысындағы алюминий шығару зауыты осындай өңдеудің қанатқақты жобасы болып табылады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Осыдан кейін Президент компания басшылығы мен Үкіметке осындай қуаттағы тағы бір зауыт салуды жүктеді.