Мемлекет басшысы референдумға қатысты соңғы сөзді Коституциялық кеңестің шешімінен кейін ғана айтады

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент палаталарының бірліскен отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев референдум өткізу туралы шешімді оның заңдылығын Коституциялық кеңес тексеріп, анықтағаннан кейін ғана қабылдайтындығын айтты.

«Мен өзімнің Жарлығыммен Парламенттің референдум өткізу жөніндегі ұсынысын қабыл алмадым. Өйткені мен 2012 жылы өтетін Президент сайлауына қатыспақшы едім. Парламент өзінің өкілеттігін пайдалана отырып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылдады. Мен бұл заңды Конституциялық кеңеске жолдадым. Конституциялық кеңес осы заңның еліміздің заңдары мен Ата заңымызға сай екендігін анықтағаннан кейін ғана соңғы шешім қабылданады. Мен бұл лауазымда біраз уақыттан бері қызмет етіп келемін. Біз барлық қиындықтарды бірге өткіздік, күрделі деген мәселелерді бірге шештік. Осы уақытта халық менімен бірге болды. Бұл кез-келген саясаткер үшін, әсіресе Президент үшін ең үлкен мадақ. Мен, ең бастысы халықтың «Лауазымыңнан бас тартпа, қызметіңді жалғастыр!» - деп отырғанын түсіндім», -деді Президент.