Мемлекет басшысы шетелдіктер үшін АХҚО-дағы тиімді шарттарды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміз елордасында, әсіресе «Астана» Халықаралық қаржы орталығында жұмыс жүргізудің артықшылықтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы АХҚО-ның ашылу салтанатында меймандар алдында қазір қазақстандықтар Астананың 20 жылдығын атап өткелі отырғанын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда Астана заманның ең өзекті мәселелері бойынша халықаралық түсіністік тұрғысында еуразиялық кеңістіктің мойындалған орталығына айналды. Бұл жерде бизнес қарқынды түрде дамып, кәсіпкерліктің 100 мыңға тарта субъекттері табысты жұмыс жүргізіп жатыр. Дәл осында «ақылды қала» тұжырымдамасы іске асырылуда. Ол көліктік инфрақұрылымды дамытуға, қауіпсіздік жүйесіне, әлеуметтік қорғауға, білім мен денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік меймандар үшін АХҚО-да қарастырылған тиімді жұмыс шарттарын атап өтті.

«Бұл жерде халықаралық қаржы институттарының өкілдіктері ашылып жатыр. Осының бәрі де АХҚО-ның тиімді жұмысын қамтамасыз етері анық. Осы орайды пайдалана отырып, шетелдік және отандық бизнесті «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жұмысына шақырғым келеді. Біздің жобаға белсенді атсалысқан қатысуышыларға шын ниетіммен алғысымды білдіргім келеді. Өзара тиімді ынтымақтастық одан ара бекем бола түседі деген үміттемін. Астана аймақтағы басты қаржылық хабқа айналуы керек. Ал келешекте Азияның жетекші қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс», - деді Президент.

Еске сала кетсек, осы уақытта елордадағы Конгресс холл орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі өтіп жатыр.