Мемлекет басшысы ШЫҰ-дағы серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды

САМАРҚАД. ҚазАқпарат - Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жол саналатын «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының әлеуеті зор. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары саналатын транзиттік-көлік секторы, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне арнайы тоқталғым келеді.

«ШЫҰ елдерінің тиімді экономикалық және көлік дәліздерін дамыту жөніндегі Ынтымақтастық тұжырымдамасының қабылдануы өзара логистикалық байланысты жақсартудағы маңызды жетістік болды. Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалы, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелінің құрылысын салу жоспары туралы болып отыр.

Осыған орай, мен ШЫҰ-дағы серіктестерді жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын.

Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жол саналатын «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» темір жолының әлеуеті зор.

Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы транзиттік-көлік ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді. Өңіріміздегі елдердің өзара байланысын қамтамасыз етуге бағытталған перспективті жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз.

Біз Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік бағыттарын кеңейту, «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» трансеуразиялық дәліздерін дамыту жөніндегі іс-әрекеттерді қолдаймыз. Жалпы, біз жаңа мультимодальды көлік дәліздері мен логистикалық орталықтар ашуды және қолданыстағыларын жаңғыртуды құптаймыз», - деді ҚР Президенті.


Фото: mobillegends.net