«Соңғы жылдары сот істерінің саны жыл сайын 200 мыңға өсіп отырды. Бұл істердің қаралу сапасы мен мерзіміне тікелей әсер етеді. Яғни, мұны да әр қырынан қарастыру қажет. Жүктемені төмендету үшін менің шешіміммен аудандық соттардың судьялары штаты 450 бірлікке, сот аппараттарының саны 540 бірлікке ұлғайтылды. Дегенмен, сот аппаратын үздіксіз ұлғайтып, судьяларды тағайындай алмаймыз. Бұл мүмкін емес», - деді Елбасы.
Осы ретте Қазақстан Президенті татуластыру процедуралары мен тетіктерін кеңейту шараларының күтілген нәтиже бермей отырғандығын тыңғылықты саралау қажеттігін баса айтты.
«Мұнда байыпты кемшіліктер бар. Халықпен түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Азаматтарға істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі татуласу тиімді екендігін түсіндіру керек. Бұл ретте құқықтық-ағартушылық мәселесі маңызды болып саналады. Халықтың заңгерлік сауаттылығының арқасында сот дауларын еселеп қысқартуға болады», - деді Назарбаев.