Мемлекет басшысы төртінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын ашты
10:15, 01 Қыркүйек 2010
;АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел Парламентінің бірлескен отырысында ҚР Конституциясының 59-бабына сәйкес төртінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясын ашық деп жариялады.
Парламент депутаттарын кезекті сессияның ашылуымен құттықтаған Елбасы, «Біз тамыздың 30 күні мемлекеттік ұлттық мерекеміз Конституциямыздың 15 жылдық тойын атап өттік. Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасампаз істермен дүниежүзіне танымал әлеуетті елге айналдық. Біздің ұстанған бағытымыздың дұрыс екенін уақыт өзі дәлелдеп берді. Біз биыл ТМД және Азия елдері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етудеміз», деді.
Бұл орайда таяу арада елімізде осы беделді ұйымға мүше елдердің басшыларының саммиті өтетіндігін айтқан Мемлекет басшысы, «Бұл біздің еліміз үшін зор мәртебе. Сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейтін айырықша ауқымды шара болмақ», деді.