Мемлекет басшысы Үкіметке мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ететін «Балапан» атты бағдарлама әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ететін «Балапан» атты бағдарлама әзірлеуді тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алдағы бес жыл ішінде Үкімет металл өнімдерінің экспортының екі есеге артуын қамтамасыз етуі тиіс. Ал 2015 жылға қарай бюджет кірістері жаңа жобалар есебінен 400 млрд. теңгеге дейін өсуі керек. Бұл ретте шикізат секторына тәуелділік те төмендей түсуі шарт », деді Н. Назарбаев.

Сонымен бірге, Елбасы ел экономикасын жаңғыртудың тиімді жүргізілуі ең алдымен қазақстандықтардың біліміне, көңіл күйлеріне де тікелей байланысты екендігін атап өтті. «Сондықтан да 2020 жылға қарай барлық, ауылдық және қалалық жерлердегі балалар мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мекемелерімен қамтамасыз етілуі шарт. Бұл үшін біздің мүмкіндіктеріміз де, мемлекеттік-жеке әріптестіктің әлеуеттері де жеткілікті. Жеке, отбасылық балалар бақшасы, арнайы шағын орталықтар мемлекеттік мекемелерге балама бола алады. Осыған орай, Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып «Балапан» атты бағдарлама әзірлеп, оны ағымдағы жылдан бастап жүзеге асыруға кірісуді жүктеймін. Аталған бағдарлама балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз ететін болады», деді ол.