Мемлекет басшысы үш деңгейлі Еңбек даңқы орденін бекіту туралы шешім қабылдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті үш деңгейлі Еңбек даңқы орденін бекіту туралы шешім қабылдады. Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Масылдықтың күні өтті, біз - еңбекшіл елміз. Бұл ретте біздің ісіміз - бәріне жұмыс беру. Сондықтан да, Үкімет, Парламент, БАҚ - бәрі еңбек адамын көтермелеулері керек. Сондықтан да мен үш деңгейден тұратын арнайы Еңбек даңқы орденін бекіту туралы шешім қабылдадым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы үш деңгейлі орденге ие болғандар «Еңбек Ері» атағымен теңесетінін жеткізді.

«Бұл орден шаруаларға, еңбек адамдарына, жұмысшылар династиясына берілетін болады. Өйткені, бәрі сонда қалыптасады, бәрі осындай ортада жасалады. Сондықтан да еңбек адамын көкке көтеру керек. Бүкіл әлем еңбек адамының, жұмысшының арқасында күн көреді», - деді Н. Назарбаев.