Мемлекет басшысы ұсынған индустрияландыру үрдісі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға септесетін бірден-бір өнікті жол - жазушы Ә.Сарай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып, жер-жерде жүзеге асуын қадағалап отырған индустрияландыру үрдісі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға септесетін бірден-бір өнікті жол. Мұндай пікірді жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай білдірді.

«Жасыратыны жоқ, дүние жүзін өрттей шарпыған әлемдік дағдарыс біздің де түн ұйқымызды бұзбай қоймады. Және бұл дағдарыс таза экономикалық тұрғыда болмай, біреуді біреу басып алу, қару жұмсау, күш көрсету, қарама-қарсы лагерьлерге топталып, білек сыбану әрекеттерімен сабақтас келді емес пе? Санкциялар соғысы деген бәле ұзақ жылдарға белгіленген жоспарымен ілгері басып келе жатқан біздің экономикамызға елеулі зиянын тигізді. Уақыттың қиындығына қарамай, Президентіміздің тап осы кезде елін, халқын соқтықпалы соқпақтан аман алып шығатын «Нұрлы жол» бағдарламасын ұсынуы - халқы үшін неге болса да бас тігетін өжет, табанды ұлдың мінезін танытады», - дейді қаламгер.

Оның айтуынша, «Нұрлы жол» - ғажап бағдарлама. Шағын және орта бизнес Президенттің тікелей қамқорлығымен мемлекетіміздің басты кәсіп көзіне айналатын болды.

«Осы бағдарлама бас-аяғы төрт-бес жылдың ішінде елімізді гүлдендіріп жіберетініне кәміл сенемін. Оған үлкенді-кішілі индустрияландыру бағдарламасын қосыңыз. Азамат соғысының ойранынан кейінгі «шарық киген» Ресейді осы индустрияландыру ел қатарына қосты. Мәртебелі басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынып, жер-жерде жүзеге асуын қадағалап отырған индустрияландыру үрдісі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға септесетін бірден-бір өнікті жол», - дейді ол.

Сондай-ақ белгілі жазушы ҚХА-ның биыл Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы мен дәлелдері көңілге қонғандықтан да, бар-жоғы екі аптаның ішінде бұл ұсынысқа біздегі саяси партиялар мен елуден астам қоғамдық бірлестіктер бірауыздан үн қосып, Парламент палаталары, Үкімет, Конституциялық Кеңес қолдау білдіргенін атап өтті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

«Енді жоғары мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының президенттік сайлауға түсуіне ресми келісім беруін ел атынан сұраймын», - деп түйіндеді өз сөзін Ә.Сарай.