Мемлекет басшысы жанында жүрген үзеңгілестеріне алғыс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін телеарналарда көрсетілген «Тәуелсіздік тағылымы» атты тележоба барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің алғашқы жылдарынан бері бірге келе жатқан серіктестеріне алғысын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаңызды көргеніме қатты қуанып отырмын. Қазақта «үзеңгі жолдас» деген керемет сөз бар, үзеңгілес деген сөздің атқа мініп жүрген қазақтың баласына қандай мағына беретінін білеміз. Сондықтан, тәуелсіздіктің  25 жылы бойында кім жүрді, соларды іріктеп, сайдың тасындай, жинап алу оңайға түскен жоқ. Дегенмен, 25 жылдың ішінде, өмірдің әр саласында,  жанымда жүріп, өз міндеттеріңізді жақсы орындадыңыздар»,-деген Мемлекет басшысы серіктестері болмағанда, қуатты Қазақстанды құру қолынан келмейтінін айтты.

«Өмірдің әр саласында, мәдениет, денсаулық сақтау, әлеуметтік жағынан атсалысып келе жатқан азаматсыздар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылын еске түсірсек,  біріншіден, өте үлкен қуаныш. Адамның көкірегін кернеген қуаныш. Себебі,  бабаларымыздың арманы орындалған қуаныш еді. Екінші жағынан, қиындықтан қалай өтеміз деген жағдайда тұрдық»,-деді Елбасы.