Сапардың мақсаты 2017-2018 жылдарда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын ілгерілету, сондай-ақ екі ел арасындағы парламентаралық өзара ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын талқылау болатын.
Ригада Латвияның Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичспен, Сейм хатшысы, Президиум мүшесі Андрей Клементьевпен, Сеймнің Халықаралық істер жөніндегі комитетінің хатшысы Сергей Потапкинмен, Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық жөніндегі депутаттар тобының басшысы, «Латвияға шын жүректен» партиясының көшбасшысы Ингуна Судрабамен кездесулер өтті.
Сыртқы істер министрімен болған сұхбат барысында И.Адырбеков 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауында Қазақстанның ұсынымын қолдау жөніндегі Президент Н.Назарбаевтың Латвия Республикасының Президенті Андрис Берзиньшке жолдауын табыс етті. Қазақстан депутат аймақтық және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, оның ішінде ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру саласына қосқан біздің еліміздің үлесі туралы хабардар етті. Еуропалық Одақтың Кеңесіндегі Латвия төрағалығының табысты басталуымен құттықтады және Риганың Астана мен Еуроодақ арасындағы әріптестіктің кеңеюі мен тереңдеуіне өз үлесін қосатындығына сенім білдірді.
Латвияның Сеймінде өткен кездесулер барысында екіжақты қатынастардың ауқымды мәселелері талқыланып, парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды басымдықтары туралы пікір алмасылды. Латвиялық депутаттар Елбасының «Нұрлы жол» жолдауының негізгі бағыттарымен, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы негізгі оқиғаларымен таныстырылды.
Қазақстан сенаторы латыш тілінде тұңғыш рет шыққан Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-global: XXI ғасыр әлемі» атты кітабының тұсаукесері - дөңгелек үстел жұмысына да қатысты. Қазақстанның G-Global идеясына білдірген ықыласы үшін Латвия тарапына алғыс айтып, ұсынылып отырған диалогқа белсенді қатысуға шақырды. Қазақстанда болып жатқан саяси және экономикалық жетістіктер мен халықаралық басқа бастамалар жөнінде баяндады.
Кездесулерге Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Бауыржан Мұхаметжанов та қатысты.