Мемлекет басшысының атына құттықтаған хаттар мен жеделхаттар Қазақстанның азаматтары мен ұйымдарынан ғана емес, сонымен бірге шет елдерден де түсіп жатыр
деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Президентінің атына РФ Мемлекеттік Думасының төрағасы Борис Грызловтан құттықтау келіп түсті.
"Сіздің ішкі саяси және халықаралық қызметтегі бай тәжірибеңіз, өз халқыңыздың тағдыры үшін тікелей жауапкершілікті сезінуіңіз болашақта да біздің елдеріміздің арасындағы қатынастар серпінді дамитынына, ал Қазақстан халқы бұдан да зор биіктерге жететініне сенім ұялатады", - делінген хатта.
Әр кездері Қазақстанда жауапты партия, кеңес және шаруашылық қызметтерде еңбек еткен Ресей азаматтарынан ұжымдық хат келді. Олардың қатарында Александр Коркин, Валентин Месяц, Дмитрий Язов, Олег Мирошхин, Николай Давыдов, Николай Морозов, барлығы 22 адам бар. Олар былай деп жазады:
"Мәскеудің ардагер қазақстандықтары Сізді мерейтойыңызбен - 70-ші туған күніңізбен шын жүректен құттықтайды! Біз Сізді өзін тұтастай еліне, оның керемет халқының тағдырына арнаған көреген, ақылман саясатшы, сонымен қатар азаматтық қадірінің жоғары деңгейін сақтаған, үлкен жүректі және керемет тартымды адам ретінде білеміз.
Сіз бүгінде осы заманғы әлемнің ең беделді саясатшыларының бірісіз.
Сіздің мемлекет құрудағы аса бай практикаңыз, саяси және ұйымдық қызметтегі аса көрнекті тәжірибеңіз Сіз Қазақстан Республикасы үшін жасағанның бәрі тарихтың игілігіне, материалдық және рухани негізге айналатынына сендіреді".
Мемлекетаралық авиация комитетінің төрайымы Татьяна Адонина былай деп жазады:
"Көптеген жылдар бойы Сіз Қазақстан Республикасының барша таныған лидері ғана емес, сонымен бірге орынды түрде әлемдік саясаттың ең жарқын тұлғасы да болып табыласыз, Сіздің пікіріңіз бен ұстанымыңыз талай рет аса маңызды өңірлік және жаһандық проблемаларды шешуде айқындаушы болды".
Президент поштасында Ресей Федерациясы өңірлері басшыларынан да хаттар бар.
Мәскеу облысының губернаторы Борис Громов былай деп жазады:
"Ресей Федерациясымен достық байланыстарды нығайтуға бағытталған Сіздің тұрақты күш-жігеріңізді жоғары бағалаймыз, мұның өзі көп ретте біздің халықтарымыздың мүддесі үшін Мәскеу облысы мен туысқан Қазақстан арасындағы жан-жақты өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге жәрдемдеседі".
"Мемлекет алдындағы Сіздің сіңірген еңбегіңіздің бүкілхалықтық мойындалуының жарқын үлгісі Қазақстан Парламентінің Сізге жоғары мәртебе - Елбасы атағын беру туралы шешімі болды", - делінген Омбы облысының губернаторы Леонид Полежаевтың құттықтауында.
Нұрсұлтан Назарбаевты КСРО ұшқыш-ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко да құттықтапты.
"Мен осында, Жұлдызды қалашықта бір сәтке де қазақстандық болуымды тоқтатқан емеспін. Қазақтарда Отанның қасиетті түсінігі бар - ол қай жерде тусаң сонда болады, менің кіндік қаным Солтүстік Қазақстан облысының Ольгинка селосында тамған. Қазақстанның әр қадамын мұқият қадағалап отырамын. Менің Отанымның табыстарын мақтаныш етемін және қуанамын, Сізді мақтан тұтамын!
Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, жеке басыңызға бақыт және Қазақстанға өркенділік тілеймін. Парламенттің Елбасы мәртебесін заңдық тұрғыда бекіту туралы шешіміне шын жүректен қолдау білдіремін. Халықтың арасында - Сіз әлдеқашаннан біздің көшбасшымызсыз", - делінген оның жеделхатында.
Мемлекет басшысының атына Омбы облысынан екі хат келіп түсті.
Омбы облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Г.Ахметов Омбы қаласы мен Омбы облысы мұсылмандар қауымдастығының барша өкілдері өздерінің тарихи отанының экономикалық, саяси және мәдени дамуын зор мүдделілікпен қадағалап отырғанын хабарлайды. Әлемдік қоғамдастықтағы өскелең беделін мақтан етеді.
Омбы облысының заң шығарушы жиналысының депутаты, "Омскнефтехимпроект" ААҚ-тың бас директоры Игорь Зуга Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен Қазақстан Республикасының ең жаңа тарихы ажырағысыз байланыста екенін жазады:
"Республиканың мыңжылдықтар тоғысындағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетін сақтап, молықтыруға Сіз қосқан үлесті айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі Қазақстан - серпінді дамып отырған мемлекет, өзінің бай экономикалық және адами әлеуетін өркенділікпен және жауаптылықпен іске асыруда, мұндағы болашаққа ұмтылушылық ата-бабалар дәстүріне адалдықпен, өшпейтін рухани құндылықтарды өркендетумен үйлесімді түрде байланысқан.
Осының бәрі көп ретте Сіздің шынайы мемлекеттік қайраткерге тән тамаша қасиеттеріңіздің - Сіздің мақсаткерлігіңіздің, жауаптылығыңыздың, даналығыңыз бен көрегендігіңіздің арқасында мүмкін болды".
Мемлекет басшысын әнші Диана Гурцкая да құттықтапты.
"Ұлы қазақ халқы әлемдік тарихта Сіздің әкелік қамқорлығыңызбен болмаса, ешқашан осындайлық таңғажайып нәтижелерге қол жеткізбес еді. Ғасырлар даналығы, білім мен тәжірибе Сізге тәуелсіз де күшті Қазақстан құруға мүмкіндік берді, ол бүкілазиялық және еуропалық көршілеріңіздің таңданысын туғызуда", - делінген әнші арнауында.