Мемлекет басшысының ГФР-ға ресми сапары аясында бірқатар келісімдерге қол қойылады деп күтілуде

АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге қол қойылады деп күтілуде.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қол қойылған келісімдердің арасындағы ең маңызды құжат Қазақстан мен Германия үкіметі арасындағы шикізат, өнеркәсіп және технологиялар салаларындағы әріптестік туралы келісім болып табылады. «Бұған қоса Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі мен Германияның Экономика және технологиялар федералдық министрлігі инновациялық, инвестициялық серіктестік құруға бағытталған кепілдеменің күшін 2015 жылға дейін жалғастыру туралы бірлескен мәлімдеме қабылдайды. Сонымен қатар аталмыш министрліктер арасында энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру саласында және қалпына келетін энергия көздерін пайдалану жөнінде өзара түсіністік туралы Меморандумдарға қол қою көзделген», - деді ресми өкіл.

Оның деректерінше, сапар аясында аталғандармен қоса өзге де бірқатар ведомствоаралық маңызды келісімдерге қол қойылады деп күтілуде. «Сапар барысында Қазақстан Президентінің қатысуымен Берлинде Еуразиялық клубтың ашылу рәсімі өтеді», - деді А.Әбибуллаев.