«Шетел инвесторлары кеңесінің 27-ші жалпы отырысында Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жария еткен инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары шетелдік және отандық инвесторларды өз қаражаттарын өңдеу өнеркәсібі саласына барынша мол құюға ынталандырды. Осылайша, Қазақстанның Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы өнеркәсіп өндірісін дамытуға қарқынды серпін береді», - деді М.Пішембаев.
Сонымен қатар депутат Қазақстанда кез келген елде кездесе бермейтін сауатты инвестициялық ахуал қалыптасып отырғандығын баса айтты.
Президент атап өткен инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары мыналар: индустрияландырудың басымдықты салаларының инвесторлары корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан 10 жыл мерзімге босатылатын болады. Ал мүлік салығынан 8 жылға босатылады. Мемлекет нысанды пайдалануға бергеннен кейін шетелдік инвесторларға күрделі шығыстарының 30 пайызына дейін өтеп беретін болады. Инвестициялық жобаны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде және нысанды іске қосқаннан кейін бір жыл ешқандай квотасыз және рұқсатсыз жұмыс күшін тартуға мүмкіндік беріледі. Инвесторларға қосымша құн салығы мен акцизден басқа, барлық салықтар мен төлемдердің мөлшерлемелеріне қатысты заңнаманың тұрақтылығына кепілдік ұсынылады.
Сонымен қатар ол инвесторлар үшін мемлекеттік мекемелермен жұмыс кезінде «бір терезе» қағидаты енгізілетінін жеткізді. Инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін «инвестициялық омбудсмен» институты заңнамалық деңгейде енгізілетін болады. Сондай-ақ басымдығы бар салаларда жұмыс істейтін кәсіпорындарға кепілдендірілген тапсырыстар алуға жәрдем жасалады.