Мемлекет басшысының Польща еліне сапары нәтижелі өтті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәрі құрылық - Еуропа төріндегі қанаттас, ниеттес ел - Польшамен арадағы экономикалық жағынан тиімді, адами-гуманитарлық тұрғыдан жан-жақты қарым-қатынастарымыз жылдан-жылға өркендеп, дамып келеді.

Алыс-беріс сондай-ақ мемлекеттеріміз арасындағы саяси байланыстар арқылы да нығая түсуде.

Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Польшаның бас қаласы - Варшаваға жуырда табыспен аяқталған ресми сапары, Президент Анджей Дудамен келіссөздері куә.

Ақорданың хабар көздері келтірген деректерге сәйкес сапар барысында сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзит-көлік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланған.

Мемлекеттер басшылары өзара мүдделілік жағдайында бірқатар бағыттар бойынша келешегі мол жобаларды іске асыру мәселелерін қарастырған. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.

Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Польша көшбасшысына екіжақты қарым-қатынастың дамуында ілгерілеушілік, сондай-ақ оның аясын кеңейте түсу үшін зор әлеует бар екенін атап өтсе, Президент Анджей Дуда Польша алдағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысатынын және бұл іс-шараға жеке өзінің келуге әзір екенін жеткізген.

Ел мен елді жақындастыратын экономикалық қарым-қатынастарға келсек, Польша Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің бірі болып табылады, Еуропалық Одақ елдері арасында 11-ші орында және әлем елдері арасында 23-ші орында тұр. Соңғы жылдары өзара сауда айналымы тұрақты түрде өсуге ұмтылыс байқатып отыр.

2015 жылы бірқатар ұлғаюдан кейін өкінішке қарай сауда айналымының кемуі тіркелген, мұның өзі ең әуелі әлемдік нарықтардағы шикізат тауарлары бағасы құлдырауының салдары болып табылады.

Қазақ жағы берген статистикалық деректерге сәйкес 2015 жылы поляк-қазақ саудасының деңгейі 1 130 011,0 мың АҚШ долларына жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 104 318,6 мың АҚШ долларына артық болды (өсім 10,2%).

2015 жылы Қазақстан Республикасының Польшаға экспортының көлемі 789 198,9 мың АҚШ долларын құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 193 514,0 мың АҚШ долларына артық болды (32,5%-ға ұлғайды), осы кезеңде Польшадан Қазақстанға импорттау көлемі  89 195,3 мың АҚШ долларына төмендеп, 340 812,1 мың доллар құрады  (20,7%-ға кеміді).

Іс жүзінде сыннан өткен қызмет түрлері мен ынтымақтастық өрістері қазір де жалғасын табуда. Польша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, логистика, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика, қорғаныс және  фармацевтика өнеркәсібі секторлары сияқты салаларда келешегі барын көріп отыр.

Қазақстан экономикасының серпінді дамуы, сондай-ақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа жол» жолдауында алға тартылған, ел үкіметі ұсынып отырған инвестициялық ынталандыру саясаты мүдделі поляк фирмалары алдынан ақ жол ашуда.

Екі ел кәсіпкерлері үшін алтын көпір саналатын, тиімді байланыстарды нығайтумен қатар поляк, қазақ орыс тілдерінде «Поляк-Қазақстан экономикалық бюллетенін» шығарып келе жатқан Поляк-Қазақ сауда-өнеркәсіп палатасы мен «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы ақпараттық ынтымақтастық серпінді дамып келеді.

Халықтық дипломатия сипатындағы мұндай жүздесулер бауырластықты бекемдеуге себепкер болатыны сөзсіз.