Мемлекет басшысының туысымыз деп алаяқтық жасаған қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысының жақын туысымыз деп алаяқтық жасаған қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне ҚР ІІМ ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

«Ішкі істер министрлігінің жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 5 адамнан құралған алаяқтар тобы құрықталды. Олар өздерін Мемлекет басшысының жақын туыстары ретінде таныстырып, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларына тендерлер өткізу кезінде мәселелерді оң шешу туралы өтініш білдіріп, сондай-ақ коммерциялық сипаттағы өзге де ұсыныстар білдірген», - деді Қ. Жұманов.

Оның айтуынша, ұсталғандардың ішінде 2 әйел, 3 ер адам бар. Сонымен қатар әйел адамның бірі бұған дейін алаяқтық ісі үшін сотты болғандығы белгілі болды. Аталған факті бойынша ІІМ тарапынан қылмыстық іс қозғалып, уақытша оқшаулау орнына қамалды. Сонымен қатар қажетті жедел тергеу амалдары жүргізілуде.

Алаяқтар қаржы, ішкі істер министрліктеріне, сондай-ақ облыстардың бірінің прокуратурасына өтініш білдірген. Қылмысты ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар Қарағанды облысының тумалары. Алаяқтар жергілікті жерлерде ірі коммерциялық жобалар бойынша өз пайдасына оң шешім жасау бойынша өтініш білдірген. «Олар сондай-ақ ішкі істер ведомствосы басшысына ірі қылмыстық істердің барасына ықпал етуге өтініш жасаған. Тергеу мүддесіне сай басқа ақпараттар берілмейді», - деді ол.