Мемлекет базарларда сауда-саттық жасайтын азаматтарды қалыпты салық жүйесіне көптеп тартпақ

қпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет базарларда сауда-саттық жасайтын азаматтарды қалыпты салық жүйесіне барынша тартуды көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстаннның Кеден одағына кіруіне байланысты салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелден кейінгі брифингте Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз сөзінде Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне бір жолғы талондарды жоюды 2011 жылдан 2013 жылға ауыстыру жөнінде тапсырма берілгендігін айтқан ол: « Салық кодексіне өзгертулер енгізу туралы шаралар сондай-ақ базарлардағы сатушыларға ауқымды салықтық есептілікті тапсыруды талап етпейтін режім қалыптастыруды қарастырады. Олар небәрі бір-екі беттен тұратын қысқа ғана есепті тапсыратын болады», деді.

Оның айтуынша, мемлекет мұндай қадамға бірқатар себептерге байланысты барып отыр. Біріншіден, Қазақстан сайып келгенде сауда-саттықтың қалыпты ережесі қалыптасқан мемлекет болуы тиіс. Яғни, азаматтар контейнерлерден шығып, саудаларын барлық жағдайы жасалған сауда үйлерінде жасаулары тиіс. Екіншіден, мемлекет базарларда сауда-саттық жасап жүрген азаматтарды зейнетақы, әлеуметтік қамту жүйесіне тартуы керек. «Базардағы азаматтар сауда-саттық жасап, қандай да бір пайда табады, айналымда қаржылары бар. Бұл әрине қазір жақсы. Алайда, ертеңгі күнді, келешекті де ойлау керек. Ол адамдар күндердің күнінде қартаяды және енді 20-30 жылдан кейін зейнетақы жасына жетіп қалады. Біз қазірден бастап оларға қамқорлық жасамасақ, бұның барлығы ақыр соңында мемлекетке, содан кейін автоматты түрде салық төлеушілерге ауыртпалығын түсіретін болады. Сондықтан да мемлекет осы мәселені тездетіп шешуге ұмтылып жатыр», деді ол.

Айта кетейік, ағымдағы жылғы ақпанның 4-де өткен Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде Үкімет басшысы Қазақстандағы жалпыға ортақ декларацияға көшу мерзімі 2011 жылдан 2013 жылғы қаңтардың 1-іне шегеру жөнінде тапсырма берген болатын. «Қолданыстағы Салық кодексі бойынша бір жолғы кәсіпкерлік талондарды жою жөніндегі жұмыс 2011 жылдан басталуы тиіс-тұғын. Менің ойымша, біз бұл мәселеге әлі дайын емеспіз. Сондықтан бұл мәселені жалпыға ортақ декларацияны енгізумен бірыңғайландыру керек. Бұлар қос параллельді үдерістер болуы тиіс. Сондықтан, мұны тағы да екі жылға, 2013 жылғы қаңтардың 1-іне шегерейік. Сөйтіп, екі параллельді үдерісті: жалпыға ортақ декларацияны және бір жолғы талон бойынша жұмысты бір мезгілде жүргізетін боламыз», деген болатын алқада Үкімет басшысы.