«Өткен жылдың басында коронавирус пандемиясы мен оның салдары әлемдік экономикаға соншалықты құлдырататынын әсер тигізетінін болжамдаған адамдар аз болды. Одан кейінгі нарықтардың құлауы – соңғы 100 жылда орын алған ең маңызды оқиғаға айналды. Мемлекеттік және халықаралық институттар қабылдаған айрықша шаралар жалпы жағдайдың бұдан кейінгі нашарлауын тоқтатуға мүмкіндік берді. Алайда шикізат, сауда және қаржы салаларындағы белгісіздік әлі де сақталуда», - деді Президент.
Оның айтуынша, жаһандық тәуекелдер мен үрдістерді ескере отырып, қаржы саласын біртіндеп дамыту – мемлекет басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл ретте оның басты міндеті – еліміздің экономикалық өсуін қолдау болып қала береді.
«Мемлекет ең күрделі кезеңдерде отандық қаржы секторын әрдайым қолдап отырды. Осының арқасында бүгінде банктер айтарлықтай тұрақты және экономиканы кредиттеу үшін үлкен әлеуетке ие. Сондықтан олар экономиканы серпінді қалпына келтірудің және оны әртараптандырудың басты қозғалтқышы рөлін өз мойнына алуға міндетті», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, экономиканы қаржыландырудың тағы бір маңызды ресурсы бола алатын отандық қор нарығын, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын белсенді дамыту қажет.
«Қазіргі кезеңде жаһандық қаржы институттарының жасыл бағытына, қаржы қызметтерін терең цифрландыруға байланысты сын-қатерлерді де ескерген жөн. Бұл мәселелер байыпты талқылауды және балансталған шешім іздеуді қажет етеді. Осы бағыттарды тиімді дамыту еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады. Қорыта келгенде, мемлекеттік органдардың, реттеушілер мен қаржы институттарының алдында ортақ бір міндет тұр – ол халқымыздың әл -ауқатын арттыру. Бүгінгі жиын еліміздің қаржы саласын нығайта түсу үшін тиімді шаралар әзірлеуге септігін тигізеді деп сенемін. Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Конгресс жұмысына табыс тілеймін», - деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, Қазақстан қаржыгерлерінің конгресі – Қазақстандағы қаржы секторын дамытуға байланысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған платформа. Биыл қаржыгерлер конгресі онлайн форматта өтіп жатыр.