«Мемлекет ешкімді тағдыр тәлкегіне тастамайды» - БАҚ-қа шолу

None
АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 24 сәуір, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***


«Себепсіз салдар болмайды­ де­мекші, бұл мақаланы жазуы­мыз­ға интернет желісінде Алма­ты облыстық ІІД жариялаған мына бір оқиға себеп болды. Ағым­дағы жылдың 30 наурыз күні Шонжы - Ақсу күрежолында «Toyo­to Camry» және «Mazda» авто­кө­лік­­тері соғылып, қос көліктің де жүр­гізушілері оқиға орнында көз жұм­ды. Шонжы ауылына жет­кі­зілген алты жолаушының біреуі ауыр жағдайда жатыр. Болжамға сүйен­сек, өте қатты жылдамдықта келе жатқан «Toyoto Camry» авто­кө­лігінің жүргізушісі көлік рөліне ие бола алмай қалған... Жалпы алғанда, соңғы жылдары Алматы облысы аумағындағы жолдарда мұндай қайғылы де­ректер неге көп? Статистикалық мәлімет бойынша жол-көлік соқ­ты­ғысы бойынша республикамызда Алматы облысы үшінші орын­да болса, соның салдарынан мерт болған адамдар саны да жылдан-жылға өсіп, екінші орын­ға көтерілгені өз алдына. Рес­публикамыздағыдай жетісулық «ала таяқтылар» да ауылдар іргесін басып өтетін күрежолдардың қалтарыстарында тығыла тұрып, жүргізушілер құжатын тексеріп, қандай да бір кінәрат тауып, бар­мақ басты, көз қыстыдан танар емес. Сөйтіп тұрғанда, дәл қасынан құйғытып өткен кө­лік сұлбасын байқай қойып, көр­меген кейіп таныта сырт айналу да әдетке енген. Осы кезде дәл осы тұста айта кетсек жол полицейі құжатын тексеру үшін тоқтатқан көліктердің бірінің жүр­гізушісін, иә болмаса сол кө­ліктен түскен жандардың бірін жол полициясы қызметкеріне пысқырып та қарамай ызғытып өте шығатын көліктердің бірі­ қағып кетсе не болады?»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы «Ала таяқтылар» алаңдатады» деген мақалада.

Осы басылымның жазуынша, қазір екінің бірінің аузында мемлекеттің зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы әңгіме жүр. Әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіріп, 63-ке дейін ұлғайту туралы жоба өмірдің әр саласында еңбек етіп жүрген әйелдерді ойландырып тастағаны рас. Жақында зейнетақы жүйесін жаңғыртуға байланысты облыста өткен мәжіліс осы сұрақтардың біразына жауап бергендей болды. Оған аудан, қала әкімдерімен қатар, еңбек ұжымдарының жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл мақала «Мемлекет ешкімді тағдыр тәлкегіне тастамайды» деген тақырыппен жарияланып отыр.

***

«Айқын» газеті экс-депутат, әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханмен арадағы сұхбатты жариялап отыр. «Қазір қайда жүрсіз?», деген сауалға Б. Тілеухан: «Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Қайрат Сатыбалдының қолқалауымен осы ұйымда бірінші орынбасары әрі президенттің міндетін атқарушы болып жұмыс істеп жатырмын. Бұл жерде үлкен жұмыс бар. Аты бар, заты жоқ қоғамдық ұйым емес»,-дейді. Бұл жайында толығырақ «Шенеуніктерге шешендік өнерді үйретіп жүрмін» атты сұхбатта жазылған.

Осы басылымда «Ақтауда - үшінші үшем» деген тақырыппен материал берілген. «Облыстық перинаталдық орталықта бұған дейін, наурыз айында екі жас ана үшемдерді дүниеге әкеліп, елді қауантқан еді. Араға көп салмай Ақтаудың тағы бір келіні үш ұлды өмірге әкелді»,-деп жазады «Айқын».

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Екі елдің көшбасшылары Мәскеуде 2012 жылғы желтоқсанда өткен жо­ға­ры деңгейдегі кездесулердің қоры­тын­дысы бойынша қол жеткізілген уағ­да­ластықтарды жүзеге асыру аясында еуразия­лық кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.Тараптар Бішкекте өтетін ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ның алдағы саммиттерінің, сондай-ақ 2013 жылы мамырда Астанада өтеді деп жоспарланған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының күн тәртібінің негізгі тармақтарын қарастырды.