Мемлекет иелігіндегі ерекше қорғалатын жерді комиссияның жалған шешімімен заңдастырғандар істі болды

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Ақмола облысы Аршалы ауданының жер қатынастары бөлімінің бастығы Шостоваға қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады.

Ол 2004-2005 жылдары «Караван Сарай МС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне базар кешенін салу мақсатында ауданы 100 гектар жер телімін жекеменшікке заңсыз берген.Бұдан соң бұл жерлер бөлшектеліп сатылып кеткен. Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сондай-ақ Орал қаласы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы бастығы Уәлиевке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол 1,4 гектар көлеміндегі жер телімдерін мемлекеттік қордан шығарып, комиссияның жалған шешімімен заңдастырған. «Соның салдарынан мемлекетке 24,5 миллион теңге зиян келді», - дейді ресми өкіл.