Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек — Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көтеруге баса мән бергені жөн. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.

— Менің шетелге сапарларым және инвесторлармен кездесулерім барысында қол жеткізілген келісімдердің орындалуына баса мән беру қажет. Коммерциялық келісімдердің жалпы құны былтырдың өзінде шамамен 75 миллиард доллар болды. Жұмысты созбалаңға салу және қол қойылған келісімдерді орындамау деген мәселе болмауы тиіс. Бұл жұмысты орындауға Президент Әкімшілігі де жауапты. Ашығын айту керек, бізде мынадай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіссөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады. Мекемелер арасындағы бітпейтін өзара келісу әрекетін доғару керек. Үкімет мейлінше дербес болуды сұрады, дербестік берілді, енді іс жүзінде соны дұрыс қолдануы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қол қойылған әрбір құжат алдын ала сапалы түрде дайындалып, орындалу мерзімдері нақты айқындалуы қажет. Жұмыстың нәтижесі үшін бірінші басшыларға жеке жауапкершілік жүктеледі.

— Мемлекет инвесторлар алдындағы міндеттемелерін толық орындауы керек. Елге сенім, іскерлік бедел осылай қалыптасады. Үкімет Қазақстанның инвестициялық әлеуетін көтеруге, бәсекелік артықшылықтарын дамытуға баса мән бергені жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Президент Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын мәлім етті.