— Министрлік Ұлттық кино орталағымен бірлесіп мемлекеттік қаржыландыру алған фильмдерге прокатқа және фестивальдерге қатысу міндетін қоя отырып үнемі мониторинг жүргізеді. Бүгінде прокатқа арналған 54 көркем фильмнің 34-і экранға шықты. Өткен жылы 5 ұлттық фильм кең прокатқа шығып, жыл соңына дейін тағы 10 фильм (оның ішінде «Капитан Байтасов», «Күзгі самал», «Қайтадан», анимациялық «Алтын адам» және т. б.) көрерменге жол тартады, — деді Ғани Мұратов елордада отандық фильмдер тақырыбына арналған баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілі келтірген мәліметке сүйенсек, биыл 6 киножоба соның ішінде анимациялық және деректі фильм жарыққа шығады. Ал 2026 жылы 12 жоба жоспарланып отыр.
— Биылға арналған жаңа конкурс жарияланды. Мемлекеттік қолдау бірінші кезекте коммерциялық табысқа емес, фильмдердің сапасы мен әлеуметтік-ағартушылық миссиясына бағытталған. Әсіресе жас режиссерлердің (қысқаметражды фильмдерге дейін), авторлық және деректі туындыларына, сондай-ақ анимацияны қолдауға басымдық беріледі, — дейді ол.
Айта кетейік, енді жеке қаражатқа түсірілген фильмдер де прокат алдында сараптамадан өтеді.
Бұған дейін енді елімізде прокатқа шығатын фильмдер қатаң бақыланатыны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Қазақстанда киноға прокат құқығын берумен айналысатын сараптамалық комиссия құрылуы мүмкін.